19
маусым
2026
Ата-аналарға арналған педагог-психолог кеңесі Мектеп жасына дейінгі балалардың ойлау, қабылдау және зейін ерекшеліктері
Ата-аналарға арналған педагог-психолог кеңесі
Мектеп жасына дейінгі балалардың ойлау, қабылдау және зейін ерекшеліктері
Мектепке дейінгі кезең – баланың жан-жақты дамуының маңызды кезеңі. Осы уақытта қабылдау, зейін, есте сақтау, ойлау, қиял және сөйлеу сияқты танымдық процестер қарқынды дамиды.
Қабылдау ерекшеліктері
2–6 жас аралығында балалардың қоршаған ортаны қабылдауы жетіле түседі. Олар заттардың түсін, пішінін, көлемін ажыратып, бөліктерін талдап, қайтадан біртұтас бейне ретінде қабылдауға үйренеді.Дегенмен, мектеп жасына дейінгі балалар кеңістікті және уақытты қабылдауда қиналуы мүмкін. Мысалы, «кеше», «бүгін», «ертең», «бұрын», «кейін» сияқты ұғымдарды толық түсінуі бірден қалыптаспайды. Сондай-ақ суреттердегі кейбір заттарды ұқсастығына қарай шатастырып айтуы мүмкін.
Зейіннің дамуы
Баланың зейіні көбіне оның қызығушылығына байланысты болады. Қызықты әрекетке ұзақ уақыт көңіл бөле алады, ал жаңа әсерлер оның назарын тез аударады.Жасы ұлғайған сайын зейіні тұрақтанып, белгілі бір тапсырмаға ұзақ уақыт шоғырлана бастайды. 5–6 жастағы балалар ойынға, сурет қарауға немесе ертегі тыңдауға ұзақ уақыт назар аудара алады.
Мектепке дейінгі кезеңнің соңына қарай ерікті зейін қалыптасады. Бала өз назарын саналы түрде басқарып, берілген тапсырманы орындауға үйренеді.
Есте сақтау қабілеті
Мектепке дейінгі жаста есте сақтау көбінесе еріксіз түрде жүзеге асады. Балалар өздеріне қызықты әрі түсінікті ақпаратты жақсы есте сақтайды.Есте сақтау қабілетінің дамуына ойын, әңгімелесу, кітап оқу және шығармашылық әрекеттер оң әсер етеді. Балалар көрген, естіген немесе өздері қатысқан оқиғаларды ұзақ уақыт есте сақтай алады.
Қиялдың дамуы
Қиял баланың ойын әрекеті арқылы дамиды. Ойын кезінде бала қарапайым заттарды басқа заттардың орнына пайдаланып, әртүрлі рөлдерге енеді.Уақыт өте келе бала қиялында жаңа бейнелер құрастырып, ертегілер ойлап табуға, сурет салуға және шығармашылық жұмыстармен айналысуға қабілетті болады.
Қиялдың дамуы баланың шығармашылық қабілеттерін, бастамашылдығын және дербестігін қалыптастыруға көмектеседі.
Ойлаудың дамуы
Мектеп жасына дейінгі балалардың ойлауы көрнекі-бейнелі сипатта болады. Олар мәселелерді көбіне нақты әрекеттер мен бейнелер арқылы шешеді.Балалар бақылау жасап, сұрақтар қойып, тәжірибе арқылы қорытынды шығаруға тырысады. Бұл олардың танымдық белсенділігін арттырады және логикалық ойлаудың қалыптасуына негіз болады.
Сөйлеудің дамуы
Мектепке дейінгі кезеңде баланың сөздік қоры жылдам өседі. Ол жаңа сөздерді меңгеріп, сөйлемдерді дұрыс құрастыруды үйренеді.Сөйлеу тілінің дамуы ойлау, есте сақтау және қарым-қатынас жасау қабілеттерімен тығыз байланысты. Сондықтан балалармен жиі сөйлесу, кітап оқу және бірге ойын ойнау өте маңызды.
Ойынның маңызы
Ойын – мектепке дейінгі баланың негізгі әрекеті. Ойын барысында бала қоршаған ортаны танып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты түсінеді, жаңа білім мен тәжірибе жинақтайды.Рөлдік ойындар балалардың:
- қиялын;
- зейінін;
- есте сақтауын;
- сөйлеу тілін;
- қарым-қатынас дағдыларын;
- ерік-жігерін дамытуға ықпал етеді.
Ата-аналарға ұсыныстар
✓ Баламен күн сайын сөйлесіңіз және сұрақтарына жауап беріңіз.✓ Кітап оқып беріп, оқыған мәтін бойынша әңгімелесіңіз.
✓ Логикалық ойындар, пазлдар және құрастыру ойындарын ұйымдастырыңыз.
✓ Баланың қиялын дамыту үшін ертегі құрастыруға, сурет салуға ынталандырыңыз.
✓ Баланың жетістіктерін қолдап, оның бастамаларына қызығушылық танытыңыз.
✓ Ойын арқылы оқыту мен тәрбиелеуді күнделікті өмірде кеңінен қолданыңыз.
Баланың танымдық процестерінің үйлесімді дамуы оның мектепке дайындығының және болашақтағы табысты оқу әрекетінің маңызды негізі болып табылады.
психолог Акимбаева Ж.Ж.