17
мамыр
2023
ЛОГОПЕД КЕҢЕСІ
Баланың бал тілі шықпай жүрсе…
Баланың тілі уақтылы шықпаса қайтпек керек? Оған назар аударып, тиісті жерге жолдай алатын дәрігер болса жақсы. Болмаса ше? Көпшіліктің алдынан шығатын күрмеу де осы. Баланың тілі шықпай, мүгедектігіне немесе басқа да ауытқуларына байланысты көмек қажет болғанда, ата-ана логопед, дефектологтарды іздей бастайды. Қолы жетсе, мемлекеттік мекемелер – арнайы балабақша, түзету мектептеріне түсе алады. Ал кезегі жетпесе, шама-шарқы келгенше ақылы түрде логопед маманның көмегіне ұмтылады. Өкінішке қарай, елімізде қазақ тілінде жұмыс істеуге маманданған логопедтер тапшы.Логопед не дейді?
Балаға қандай жағдайда логопед-дефектологтың көмегі қажет? Мамандардың айтуынша, балаға көп жағдайда логопед, дефектологтардың көмегі қажет болады. Осы саланың қыр-сырын ашып, негізгі түйткілдерін ортаға салу үшін логопед-дефектолог Гүлнара Сағымбаеваның пікірін тыңдаған едік. «Негізі логопед пен дефектолог мамандықтарын біртұтас қарастыруға болады. Қазіргі нарық заманында дефектолог есебінде бір, логопед есебінде бір ақы алу үшін бөліп алған. Жалпы анасының құрсағында жатқанда генетикалық немесе анасының денсаулығының әлсіздігі салдарынан туабіткен аурулар (хромосомалық «Даун синдромы»), неврологиялық (гидроцефалия, микроцефалия т.с.с. БЦП), гендік тұрғыдан да тұқым қуалайтын аурулар бойынша баланың тілінде кемістік пайда болады, тіпті, тілі шықпайтын кездері де кездеседі. Осындайда логопед мамандардың атқарар қызметі орасан зор. Бұл жағдайда анасы жүктіліктің 1 кезеңінде науқастанып, вирусты жұқпалы аурулармен ауырып, дәрігерге қаралмай, өз бетінше дәрі-дәрмектерді қабылдаса, 2-3 кезеңінде бала денесінің қалыптасып, өсіп-дамуында ауытқулар пайда болады. Анасына әсер еткен сыртқы соққылардың (босанған кезде баланы түсіріп алу, туа сала шыр етіп жыламауы, миға оттегі бармай, көгеріп қалса, жол апаты, басқа да оқыс жағдай салдарынан соққы алу) салдарынан баласы ауруға шалдығады», – дейді ол. Сонымен қатар, қоғамда жиі кездесетін тағы бір фактор бар. Атап айтсақ, тұрғылықты мекенжайы жоқ, қалада пәтер жалдап тұратын, медициналық тіркеуі жоқ, қажет болғанда сапасы күмәнді жеке меншік орталықтардың көмегіне жүгінетін, тұрмысы төмен отбасында дүниеге келген балалардың қажетті көмек алуы қиындық тудырады.